2019 жылы Солтүстік Қазақстан облысында жеке үй салу үшін 312 жер телімі үлестірілді, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
СҚО Жер қатынастары басқармасының мәліметінше, былтыр жеке тұрғын үй салуға Петропавл қаласында 81 жер телімі берілген. Оның 26-сы Солнечный ықшам ауданынан, 55-і облыс орталығының басқа аудандарынан үлестірілген.
Қазір кезекке тұрғандардың саны – 11 232. Басым бөлігі, яғни 10 197-сі жеке үй салу үшін жер телімін алуға Петропавл қаласын таңдаған. 1 035-і облыс орталығына жақын Қызылжар ауданынан жер алуға үмітті.
Осы мақсатқа Петропавл қаласындағы Солнечный ықшам ауданында 167 га бөлінген. Ол жерде баспана салу үшін учаскені әзірлеуге, су құбырын, электр желісін тартып, жол салуға қаржы бөлінді.
Өңірдің қалған аудандары бойынша баспана салуға жер телімін алуға кезекке тұрғандар жоқ. Өтініш түскен жағдайда бірден қанағаттандырылады.
Мамандардың айтуынша, қазіргі таңда баспана салуға жер телімін алуға тұрғандардың кезегі түгенделіп жатыр. Осыған дейін атқарылған жұмыстардың нәтижесінде тізімнен 561 адам алынды. Оның 516-сы облыс орталығынан, 45-і Қызылжар ауданынан. Олардың кейбірі ел аумағынан көшіп кетсе, енді біреуі қайтыс болған.