29 ақп, 2020 сағат 08:59

СҚО-да ұйымдасқан қылмыстық топтан жалған 68 мың еуро тәркіленді

Солтүстік Қазақстан облысында бірнеше елдің азаматтарынан құралған ұйымдастқан қылмыстық топ анықталды. Олар Қазақстанға 68 мың еуро болатын жалған банкнота әкелген, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" Қаржы мониторингі комитетінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

ҚР ҚМ Қаржы мониторингі комитетінің Солтүстік Қазақстан облысы бойынша Экономикалық тергеу департаменті Қазақстан Республикасы аумағына 500 еуро құнындағы жалған қағаз ақша жеткізетін каналдың жолын кесті.

«Комитеттің СҚО Экономикалық тергеу департаменті қызметкерлері жүргізген жедел-тергеу іс-шараларының нәтижесінде жалған ақша өткізумен айналысқан бір топ тұлға әшкереленді. Ұйымдасқан қылмыстық топ Қазақстан, Ресей Федерациясы және Грузия азаматтарынан құралған. Қаңтар айында РФ азаматына еліміздің аумағында әрі қарай тарату үшін 100 000 еуро сомасындағы жалған ақша қаражатының берілгені анықталды», делінген хабарламада.

Одан 2 000 000 теңге, 30 000 ресейлік рубль қолма-қол ақша және жалпы сомасы 68 000 еуро 136 жалған 500 еуро номиналындағы ақша тәркіленді.

«Бүгінгі таңда Петропавл қаласының Арнайы тергеу сотының қаулысымен ҚР ҚПК 147-бабына сәйкес күдікті тұлғалар қамауға алынды. Бұл факті бойынша ҚР ҚК 231-бабының 2- бөлігі, 1-тармағы (мүлікті тәркілеумен 5 жылдан 10 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы), 264-бабының 1-бөлігі (10 жылдан 15 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы) сәйкес сотқа дейінгі тергеу ісі тіркелді», делінген хабарламада.

Айта кетерлігі, соңғы екі жылда Қазақстанға жалған банкнота өткізудің 18 фактісі анықталған және жалпы сомасы 266 500 еуро (110 млн теңгеден астам сома) құрайтын 500 еуро номиналындағы 533 қағаз ақша тәркіленді.

ҚР ҚМ Қаржы мониторингі комитеті абай болып, валютаны банктерде чек талап ете отырып, айырбастауды ұсынады. Мамандар жалған ақша жасаушыларға алданып қалмас үшін 500 еуро номиналындағы жалған қағаз ақшаны танып білудің ең қарапайым ережесін есте сақтауды ұсынады.