Фото: instagram.com/qnet_kazakhstan
Солтүстік Қазақстан облысында Qnet қаржы пирамидасының бөлімшесін ұйымдастырғандар ұсталды. Олар осы заңсыз кәсіпке дейін ішкі істер органдарында жұмыс істеген, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
Тергеу материалдарына сәйкес, 2018 жылы бөлімшені ұйымдастырғандардың біреуі Qnet халықаралық компаниясының сайтында тіркеліп, тәуелсіз өкілдің куәлігін алған. Одан кейін облыста қаржы пирамидасының құрылымдық бөлімшесін ашқан.
"Олар Малайзияда тіркелген Qnet халықаралық компаниясының өнімдерін сатамыз деп, өз қылмыстық әрекеттерін іске асырған. Бірлескен қызметке қатысу үшін алдымен 600-800 мың теңге төлеу талабы болған. Сонда тәуелсіз өкілдің куәлігі және саяхатшының картасы берілген. Оған қоса, кеңсені жалдау ақысына 40 мың теңгеден жиналып тұрған", - дейді экономикалық тергеулер департаментінің мамандары.
Компания өкілдері дәл сол кеңседе сан алуан кездесулер, оқыту семинарларын, дәрістер мен насихат жұмыстарын жүргізген.
Осы уақытқа дейін 73 салымшы анықталды. Олардың бәрі 82 миллион теңге көлемінде қаржы салған. Қылмыстық топ үш жыл бойы халықты алдаған.
"Ұйымдастырушылардың қатарында ішкі істер органдарының бұрынғы қызметкерлері де болған. Олар халықтың сенімін пайдаланып, қаржы пирамидасына адам тартқан. Қазіргі кезде қылмыстық істің үш фигуранты ұсталды. Үшеуі де уақытша қамау изоляторына тоғытылды", - делінген ресми хабарламада.
Қылмыстық кодекстің 217-бабы, 3-бөлігі (Қаржылық (инвестициялық) пирамиданы құру және оған басшылық ету, қылмыстық топ жасаған әрекет, аса ірі мөлшерде) бойынша сотқа дейінгі тергеу шаралары басталды. Осы қылмыс үшін бес жылдан он екі жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған. Кінәлі адамдардың мүлкі тәркіленеді.