13 қыр, 2022 сағат 13:53

СҚО-да халық саны шамамен 10 пайызға азайған

Фото: Tengrinews.kz/Тұрар Қазанғапов

Ұлттық статистика бюросының Солтүстік Қазақстан облысы бойынша департаменті 2021 жылғы халық санағы қорытындысын ұсынды, - деп хабарлайды Tengrinews.kz.

Сарапшылар мәліметінше, 2021 жылы облыста 540 786 адам тұрған. 2009 жылғы санақпен салыстырғанда 55,8 мыңға немесе 9,3 пайызға азайған.

2009 жылғы халық санағының қорытындысы бойынша қалада 238,4 мың адам (облыс халқының 40 пайызы) тұрса, 2021 жылғы халық санағы кезінде қала тұрғындарының саны 259,5 мың адам (48 пайыз) болған. Ауыл халқының үлесі сәйкесінше 60-тан 52 пайызға дейін қысқарған.

"Солтүстік Қазақстан облысында бұрынғыдай әйелдердің саны ерлер санынан асып түсті. Санақ қорытындысы бойынша әйелдер саны 18,9 мыңға көп. Пайызбен айтсақ, ерлердің үлесі 48,3 пайыз, әйелдер - 51,7 пайыз. Мәселен, Солтүстік Қазақстан облысында 100 әйелге 93 ер адамнан келеді", - делінген хабарламада.