26 шіл, 2022 сағат 16:08

СҚО-да халық көмірді бір түйірін қалдырмай сатып әкетіп жатыр


Солтүстік Қазақстан облысында көмірге сұраныс артты. Биыл тұрғындар былтырғыдай отынсыз қалмау үшін ерте бастан қимылдап жатыр. Әзірге баға бұрынғыдай, тек Қаражыра көмірі ғана мың теңгеге қымбаттады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

СҚО энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы басқармасының мәліметінше, өңірде көмір жеткізілетін 32 теміржол тұйығы бар. 

Қазіргі уақытта ол жерде 17 мың тонна, соның ішінде Петропавлда 1,5 мың тонна көмір жатыр. 

Мәселен Жұмысшы кентіндегі мына тұйыққа тәулігіне 10 вагон қатынайды. 

Оны күнделікті таңғы сағат 6.00-ден бастап кезекке тұрған жүк көліктері бір түйірін қалдырмай бөліп әкетеді екен.

«Қысқа дайындалу екі ай бұрын басталды. Былтыр осы мерзімге Петропавл тұрғындары 3,5 мың тонна ғана көмір сатып алса, биыл 10 мың тоннадан астамы сатылды. Тамыз, қыркүйекте ай сайын 15 мың тоннадан әкелініп отырады, тапсырыс бердік. Жолда қазір тағы 2,5 мың тонна көмір келе жатыр. Жағдайды бақылауда ұстап отырмыз», - дейді басқарма басшысы Бақыт Ілиясов.

Кейде көмір тиелген вагондар уақытында келмей жатады. Оған теміржолдарда жөндеу жұмыстарының жүргізілуі себеп. 

«Тұрғындарды өткен жылғыдай жағдай қайталанбауы үшін отын-көмірді ерте бастан дайындауға шақырамын. Өйткені күзде қайтадан дүрлікпе туындауы мүмкін. Көмірдің тоннасы 14-17 мың теңге аралығында, бұл былтырғы баға. Тек Қаражыра көмірі ғана 1 мың теңгеге қымбаттады. Бірақ күзде қара отынның бағасы өседі деп ойлаймыз», - дейді Бақыт Ілиясов. 

Маманның айтуынша, былтыр көмірдің қат тауарға айналуына бірнеше себеп болды. Соның бірі – вагондардың жетіспеушілігі. 

Екіншісі – көмірге сұраныстың күрт артуы, тұрғындар жаз бойы арқаны кеңге салып, тек күн суытқасын ғана оны ала бастады. 

Биыл мұндай жағдай қайталанбауы тиіс, өйткені халықтың тарапынан сұраныс күннен күнге артып келеді. 

Жалпы СҚО тұрғындары қыстан қысылмай өтуі үшін жылыту маусымына 410 мың тонна керек екен.