26 қыр, 2019 сағат 18:52

СҚО-да ит пен мысықты серуендету ережесін бұзғандарға 500 мың теңге айыппұл салынды

Солтүстік Қазақстан облысында биыл ит пен мысық асырау және серуендету қағидаларын бұзғаны үшін 76 тұрғын әкімшілік жауапкершілікке тартылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

СҚО Полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, Петропавл қаласында Мәдениет және демалыс саябағында иттерді серуендетуге алаң бөлінген. Сондай-ақ, көп қабатты үйлердің тұрғындары жалпы жиналыстарда үйдің айналасынан ит пен мысықты серуендетуге арнайы орын бөлуге құқылы.

«Солтүстік Қазақстан облысы мәслихатының 2015 жылғы 21 қаңтардағы шешімімен ит пен мысықты асырау және серуендету ережесі бекітілді. Осы ережеге сәйкес үй жануарларын аулаларда, балалар алаңдарында, мектепке дейінгі мекемелердің телімдерінде, мектеп алаңдарында, емдеу-профилактикалық және медициналық денсаулық сақтау мекемелерінің аумақтарында, стадиондарда, саябақтарда, скверлерде серуендетуге болмайды.

Егер де жануарлар кіреберістерде, баспалдақ алаңдарында, спорттық, балалар алаңдарында, газондарда, тротуарларда, саябақ және скверлер аумақтарында экскременттерін қалдырса, оны иелері дереу жинау қажеттігін естен шығармаған жөн. Иттердің декоративті түрлерінен басқаларын тұмылдырықпен серуендету қажет», - дейді Жергілікті полиция қызметі басқармасының аға инспекторы Александр Розбах.

ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 408-бабына сәйкес ит пен мысықты асырау және серуендету қағидаларын бұзғандарға үш айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салынады. Бұл - 7 мың теңге шамасында.

Жалпы жыл басынан осындай құқық бұзушылық үшін солтүстік қазақстандықтар 500 мыңнан аса теңге айыппұл төледі.