01 сәу, 2019 сағат 19:39

СҚО-да бір ауылдың халқын қауіпсіз жерге көшіріп жатырмыз - ТЖК

Солтүстік Қазақстан облысында екі ауылды су басу қаупі бар, деп xабарлайды "Ұлт ақпарат".

ҚР ІІМ Төтенше жағдайлар комитеті төрағасының орынбасары Марат Күлдіковтың айтуынша, Сілеті қоймасынан суды көптеп жіберілуіне байланысты Солтүстік Қазақстанда Қаратал мен Құлдыкөл ауылдарын су басуы мүмкін. Қазіргі кезде Сілеті су қоймасы 95 процентке толып тұр. Сол себепті суды жіберіп тұруға тура келіп отыр.

«Бүгін күндіз сағат 12:00-ден бастап біз Қараталдың тұрғындарын алдын ала қауіпсіз жерге көшіре бастадық. Осы уақытқа дейін тікұшақпен 33 адам эвакуацияланды. Сосын туған-туыстардың үйіне және мектептегі арнайы эвакуациялық бекетке көшіп жатқандар да бар. Бұдан бөлек, 2 754 бас малды қауіпсіз жерге айдап тастады», - деді М.Күлдіков Астанадағы шұғыл баспасөз мәслиxатында. 

Оның айтуынша, Қаратал ауылында 233 адам тұрады. Бірақ барлығына су басу қаупі төніп тұрған жоқ. Сол себепті тек су басу қаупі бар тұрғындар ғана қауіпсіз жерге көшіріледі. Ал Құлдыкөл аулында шеткі үйлерді су басуы әбден мүмкін. 

Облыс әкімі Құмар Ақсақалов қауіп төнген аймаққа жетіп, жағдайды бақылауға алды.

«Облыстың шалғай елді мекендері болғандықтан жету қиын болды. Қазір ол жерде трактор, бульдозер, экскаватор - барлығы 25 техника жұмыс істеп жатыр. Көмекке өздерінің керек-жарақтарымен құтқарушылар келді», - дейді СҚО Төтенше жағдай департаментінің бастығы Рамиль Камалов.

Ал, Уәлиханов ауданындағы Береке ауылында еріген қар суы 200 адамды электр қуатынсыз қалдырды. Электр бағандары ағын суға шыдас бермей құлаған. Су деңгейі түсісімен-ақ құтқарушылар қалыпқа келтіру жұмыстарын бастайды.


Сондай-ақ, Солтүстік Қазақстанда облыстық және аудандық маңызы бар жолдардың жеті тұсын су шайып кеткен.

Ш.Уәлиханов, Ақжар және Тайынша аудандарында елді мекендерді жалғайтын жолдарды су басты. Қазір бұл жерлерде арнайы техникалар жұмыс істеп жатыр. Бекеттер орнатылып, көліктер айналма жолдармен жүруге мәжбүр.