28 қыр, 2023 сағат 10:56

СҚО-да «Аграрлық несие корпорациясы» филиалының басшысы ұсталды

Фото: Halyq Uni

Солтүстік Қазақстан облысы бойынша Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет «Бизнеске жол» жобасын іске асыру шеңберінде «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ облыстық филиалының басшысын ұстады, - деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" Антикор баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

"Ол ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерден бірнеше рет пара алды деген күдікке ілінді. Пара сомасы 100 мыңнан 500 мың теңгеге дейінгі мөлшерді құрады.

Ақшалай қаражат ҚР Агроөнеркәсіптік кешенін дамыту жөніндегі 2021-2025 жылдарға арналған ұлттық жоба шеңберінде бөлінетін кредиттік қарыздарды беру мәселесін оң және кедергісіз шешуге арналған.

Күдікті Петропавл қаласының уақытша ұстау изоляторына қамалды. Сотқа дейінгі тергеу жалғасып жатыр" - делінген хабарламада.

Қылмыстық-процестік кодексінің 201-бабына сәйкес тергеу мүддесі үшін өзге ақпарат жария етуге жатпайды.

Конституцияның 77-бабы 3-тармағының 1-тармақшасына және Қылмыстық-процестік кодексінің 19-бабы 1-бөлігіне сәйкес, қылмыстық құқық бұзушылық жасаудағы кінәсі соттың заңды күшіне енген үкімімен белгіленгенге дейін әрбір адам кінәсіз деп есептеледі.