Солтүстік Қазақстан облысында су тасқыны кезінде қауіп төнетін 92 елді мекен есепке алынды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
36 ауылда өзен суының деңгейі жоғары болса, 41-інде - қардың еруі салдарынан және 15 елді мекенде - су деңгейінің көтерілуі мен көлдің толуы салдарынан су тасқыны болуы мүмкін.
«Жергілікті атқарушы органдар 84 елді мекенде 3 жылдың ішінде 79,5 шақырым бөгет құрып, 28 шақырым су айдайтын каналдар қазды. 18 елді мекенде инженерлік-техникалық іс-шаралар жүргізу мүмкін болмады. Себебі, олар өзен аңғарларында, орман алабында орналасқан», - деді облыс әкімінің орынбасары Антон Федяев.
Қазір өңір су тасқынына дайындалып жатыр. Былтыр қазанда төтенше жағдайлар департаментінің қызметкерлері Есіл, Айыртау, Ғабит Мүсірепов және Шал ақын аудандарының аумағында су тасқыны болатын елді мекендерде тексеру жүргізді.
Атап айтқанда, Есіл ауданындағы елді мекендерге Үлкен Тораңғұл көлі қауіп төндіріп отыр. Кіші Тораңғұлдың суы Үлкен Тораңғұлға құйылып, соның салдарынан көлдегі су деңгейі 5 см көтерілген.
«Кіші Тораңғұлдағы су деңгейін төмендету үшін Қамысақты өзеніне дейін су өткізетін канал қалпына келтірілді. Новопокровка ауылына жақын жерде суармалы-суландыру каналы жүйесінде диаметрі 1 метр болатын құбыр орнатылып, ол арқылы өткен жылдың шілдесінен бастап 5 млн текше метр су жіберілді. Өзен деңгейі 30 см азайды», - деді А. Федяев.
Көктемгі су тасқыны кезеңінде төтенше жағдайды жою үшін 708 техника, 331 су айдайтын құрылғы дайын. Құтқарушылар мен полицейлерден құралған топ жасақталған. Сондай-ақ, 724 млн теңге сомасында облыстық резерв құрылды.