19 қар, 2021 сағат 10:54

СҚО аумағында қуғын-сүргін кезінде атылғандарды жерлеген орындар картасы жасалады



Солтүстік Қазақстан облысының әкімі саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі өңірлік комиссия мүшелерімен кездесті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

СҚО-да саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық оңалту бойынша өңірлік комиссияның жұмысы үш бағытта - ұйымдастырушылық, ақпараттық-түсіндіру, зерттеу бойынша жүргізіледі. Қазіргі уақытта облыстың 13 ауданы мен Петропавлда «Қызылжардың шерлі тарихы» ғылыми-танымдық экспедициясы ұйымдастырылған. Деректер 2023 жылға дейін 4 бағыт бойынша зерттеледі. Жұмыс қорытындысы бойынша өңірде қуғын-сүргінге ұшырағандарды жаппай жерлеу картасы жасалмақшы.

«Биыл біз 30 жылдығын атап өтіп жатқан Тәуелсіздік жолында еліміздің үлесіне ауыр сынақтар түсті. 20-40 жылдардағы Қазақстан тарихының беттері қуғын-сүргінге, депортацияға, аштыққа толы. Қазіргі кезеңде жас ұрпақ үшін тарихты дұрыс түсіндіру және еліміздің болашағын құру маңызды», - деді іс-шараға қатысқан СҚО әкімі Құмар Ақсақалов.

Жұмыс тобының жетекшісі, тарих ғылымдарының кандидаты Зәуре Картова дәстүрлі дін өкілдерін іздеу бойынша жұмыс туралы, республикалық комиссияның мүшесі, жұмыс тобының жетекшісі, тарих ғылымдарының кандидаты, доцент Людмила Гривенная қатысушыларды 1917 жылдан 1930 жылдың ортасына дейін ұлт-азаттық көтерілістерге қатысушыларды іздеу бойынша жұмыс туралы хабардар етті. Жұмыс тобының жетекшісі, профессор Зарқын Тайшыбай 1916-1930 жылдары Қазақстаннан кетуге мәжбүр болған қазақстандық босқындарды оңалту жұмыстары туралы айтып берді.

Осы уақытқа дейін өңірлік комиссия 11 140 сотталған адамды анықтады, оның ішінде 58-бап бойынша - 230 адам қудаланса, 105 адам ірі бай ретінде жазаланған. СҚО аумағында ірі байларға және кулактарға арналған екі арнайы лагерь табылды. Оның біреуі Тимирязев ауданындағы Байқала жерінде болса, екіншісі М.Жұмабаев ауданындағы Александровка елді мекенінде орналасқан екен.

Сол жылдары облыста 372 халық көтерілісі мен наразылық болған, оны күшпен басу кезінде атылған 3 106 адамның тізімі жасалды, олардың 833-і ақталмаған. Сондай-ақ, күштеп жер аударылған неміс, поляк, латыш және т.б. халықтар мен арнайы қоныс аударушылар бойынша 1 274 адамның тізімі жасалды.

Бұл бағыттағы жұмыс жалғасатын болады.

Естеріңізге салайық, саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі өңірлік комиссия ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығымен былтыр 24 қараша құрылған еді.