Фото:gov.kz
Солтүстік Қазақстан облысының әкімі Айдарбек Сапаров жақын ағайындарының өңірде табысты кәсіппен айналысуына қатысты пікірін айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат агенттігі.
«Сіздің жақын туыстарыңыз СҚО-да агробизнес саласында табысты жұмыс істеп жатыр. Облыс басшысы туысың болғанда ісіңнің үнемі өрге басары анық. Сіз бұл жерден мүдделер қайшылығын көрмейсіз бе?» – деп сұрады журналист Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында.
«Біріншіден, менің облыс әкімі болып тағайындалғаныма бір жыл да болған жоқ. Ал, менің ағам егіншілікпен 1995 жылдан бастап айналысып келеді. Ол – агроном ғалым, Омбы ауылшаруашылығы институтын бітірген. Ауыл шаруашылығы саласын жақсы біледі, сондықтан қолға алған. Бұл жерде ешқандай мәселе жоқ. Барлығы заң аясында», - деп жауап берді Айдарбек Сапаров.
Сондай-ақ, өңір әкімі «ағасының бизнесіне бөлінген субсидияны» Бас прокуратураның тексергенін айтты.
«Субсидия алған» деген жалған ақпараттар болды, оны Бас прокуратура тексерді. Қолданыстағы заң аясында ол субсидия ала алады. Менің облыс басшысы болғаным, керісінше оның жұмыс істеуіне қиындық тигізеді. Өйткені, біз қазір әлеуметтік салаға аса мән беріп жатырмыз. Оның қаншама тұрғын үй, медициналық пунктілер мен демалыс орталықтарын салғанын өз көзіңізбен көрсеңіз болады. Ол басқаларға үлгі болуы тиіс», - дейді СҚО әкімі.