12 қар, 2018 сағат 17:23

СҚО әкімі ауқымды жұмыстардың қарқыны бәсеңдемейтінін айтты

СҚО әкімдігінің отырысында өңiр басшысы Құмар Ақсақалов Петропавлда өткен өңiраралық форумға қорытынды жасады.

Форумға екi елдiң 38 өңiрiнен 800 ресми делегат келдi. Туризм тақырыбына арналған көрменi 10 мыңнан аса адам көрдi. Форум аясында 30 келiсiмге қол қойылды.

Петропавл қаласында құрылыс және абаттандыру жұмыстары қызу жүргiзiлдi. Жаңа қос ықшам аудан бой көтердi. Тұрғындар демалатын саябақтар ашылды. Жаңа мейрамханалар мен қонақ үйлер салынып, жаңартылды. Форум жаңа оқушылар сарайы мен теннис орталығында өттi. Облыс әкiмi атқарылған ауқымды жұмыстардың қарқыны бәсеңдемейдi деп атап өттi.

«Қаламыз көркейiп қалды. Бұны тұрғындар мен қонақтар айтып отыр. Қарқынды бәсеңдетпеймiз. Форумнан кейiн құрылыс және абаттандыру жұмыстары тоқтап қалады дегендi естiп жүрмiз. Бұл қате пiкiр. Осы атқарған жұмыстарды келесi жылы екi еселеуiмiз керек. Елбасы атқарған жұмысқа оң бағасын берiп, осы бағыттан қайтпауға тапсырма бердi. Бюджетте тиiстi қаржы қарастырылған», — дедi Құмар Ақсақалов.