05 нау, 2021 сағат 12:15

Скляр: Биыл «Кеңқияқ-Атырау» мұнай құбыры реверсінің құрылысын аяқтау қажет

Биыл «Кеңқияқ-Атырау» мұнай құбыры реверсінің құрылысын аяқтау қажет. Бұл туралы бүгін ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Роман Скляр айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Мемлекет басшысының 2019 жылғы 5 қыркүйектегі мұнай-газ саласын дамыту мәселелері жөніндегі хаттамалық тапсырмалары аясында биыл жылдық өнімділігі 6 млн тоннаға дейін болатын «Кеңқияқ-Атырау» мұнай құбыры реверсінің құрылысын аяқтау қажет. Президенттің Қазақстан халқына Жолдауы аясында сұйытылған мұнай газын толықтай электронды сауда алаңдары арқылы сатуға көшуді жүзеге асыру керек. Бұл аталған саладағы ашықтық пен бәсекелестікке серпін береді», - деді Үкімет басшысының орынбасары ҚР Энергетика министрлігінің кеңейтілген алқа отырысында. 

Вице-Премьер газ саласын дамытудың кешенді жоспарын бекіту және Қазақстан Республикасын газдандыру бас сызбасын өзектендіру қажеттігіне баса назар аударды. 

«Бұл елдің энергия ресурстарын тиімді пайдалануға және газ тарату желілерінің құрылысы барысында бюджет қаражатын үнемді бөлуге мүмкіндік береді. Газ саласын дамытудың кешенді жоспары бекітілгеннен кейін газ тасымалдау жүйесін сапалы жаңғыртуды қамтамасыз ету қажет», - деді Роман Скляр.