Нұр-Сұлтан қалалық сотының апелляциялық алқасы "СҚ-Фармация" компаниясының бұрынғы төрағасы Берік Шәріптің ісін қарап, ақтау үкімінің күшін жойды. Бұл туралы сот хабарламасында айтылған, - деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
"Сот алқасы бірінші сатыдағы сот қорытындыларын негізсіз деп танып, Шәріпті қызметтік жағдайын теріс пайдаланғаны және қаруды заңсыз сақтағаны үшін кінәлі деп таныды. Сот төтенше жағдай кезінде қылмыс жасауды ауырлататын мән-жай деп таныды.
Осыған байланысты Шәріп 3 жыл 6 айға бас бостандығынан айырылып, дереу қамауға алынды. Ол жазасын қауіпсіздігі барынша төмен мекемеде өтейтін болады. Сондай-ақ, ол өмір бойы мемлекеттік қызмет атқару құқығынан айырылды", - делінген хабарламада.
Айта кетейік, биыл 4 тамызда Нұр-Сұлтан қаласы Есіл аудандық соты Берік Шәріпке қатысты ақтау үкімін шығарған болатын.
«СҚ-Фармацияның» бұрынғы басшысына екі бап бойынша айып тағылған еді. Прокурор соттан күдіктіге Қылмыстық кодекстің 361-бабының 4-бөлігі, 3-тармағы бойынша лауазымдық өкілеттіктерді теріс пайдалану арқылы ауыр зардаптарға жол бергені үшін және осы кодекстің 287-бабының 2-бөлігі бойынша ұңғысыз тапаншаны заңсыз сақтағаны үшін 5 жылға бас бостандығынан айыру жазасын тағайындауды сұрады.
Алайда ол 287-баптың 2-бөлігінде көзделген қылмыстық құқық бұзушылық жасағаны үшін кінәлі деп танылып, 1000 АЕК айыппұл тағайындалды. Ал 361-баптың 4-бөлігінің 3-тармағында көзделген қылмыстық құқық бұзушылық жасауда кінәсіз деп танылып, оның іс-әрекеттерінде қылмыс құрамы болмағаны үшін ақталды.
