Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі «СҚ-Фармация» компаниясы қызметінің «қайта жүктеу» бағдарламасын бірлесе жүзеге асыруға атсалысуда, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
«СҚ-Фармация» ЖШС басқарма төрағасы Ерхат Есқалиев Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің аппараттық кеңесінде сыбайлас жемқорлық қаупін талдау қорытындылары бойынша ұсынымдарды орындаудың аралық нәтижелері туралы баяндаған. Компания COVID-19 пандемия жағдайында медициналық ұйымдарды дәрі-дәрмекпен және медициналық бұйымдармен қамтамасыз ету тиімділігін арттыру үшін «қайта жүктеу» бағдарламасын іске асыруда.
«Атап айтқанда, Антикор талдау аясында жоспарлау жүйесінің жетілмегендігіне, адами фактордың сатып алу жүйесіне ықпалына, ұзақ мерзімді жеткізу шарттарын іске асыру кезіндегі тәуекелдерге, логистика жүйесіндегі кемшіліктерге, гуманитарлық көмек алу және бөлу тетігінің жетілмегендігіне, ішкі бақылау тетігіндегі олқылықтарға, кадр саясатындағы тәуекелдерге және жоғары әкімшілік шығындарға назар аударды. Анықталған жемқорлық тәуекелдерін жою жөніндегі іс-шаралар жоспары азаматтық қоғамның 20-дан астам өкілінің қатысуымен іске асырылуда. Сатып алуды жетілдіру бөлігіндегі негізгі басымдық олардың электрондық форматқа толық көшуіне, сондай-ақ тендерлік рәсімдерді автоматтандыруға бағытталған. Атап айтқанда, оларды өткізу мерзімін 45 күннен 25 күнге дейін азайту және әлеуетті жеткізушілер ұсынатын тендерлік құжаттаманың санын 15-тен 2-ге дейін қысқарту жоспарлануда», - деп хабарлайды Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтен.
Жеке бағыт – компанияның ақпараттық жүйелерін емдеу схемалары бойынша Денсаулық сақтау министрлігінің жүйелерімен біріктіру. Бұл – жоспарлау тәртібін және өңірлерді дәрі-дәрмектермен қамтамасыз етуді арттырады.
Азаматтардың сын-ескертпелерін ескере отырып, орфандық аурулар бойынша (мысалы, муковисцидоз) дәрілерді сатып алу мәселелерін шешу жолдары пысықталуда. Сондай-ақ дәрі-дәрмекті сатуда контрафактіні болдырмау мақсатында «Қазақтелеком» АҚ-мен бірлесіп дәрі-дәрмектер мен медициналық бұйымдарды таңбалаудың және бақылаудың пилоттық жобасын іске асыру бойынша іс-шаралар жүргізіліп жатыр.
Айта кетерлігі пандемияның екінші толқынына дайындық аясында СҚ-Фармация 5,96 млрд теңгеге 37 дәрі-дәрмек түрін сатып алған. Стационарларға жалпы құны 18,1 млрд теңге болатын 91 түрлі дәрі-дәрмек жеткізілді. 10 млн маска, оның ішінде 392 млн теңгеге 500 мың балалар маскасы сатып алынған.