07 ақп, 2020 сағат 16:06

«СК-Фармация» онкологиялық тегін препараттың жетпей қалуын түсіндірді

Меланома дертіне шалдыққандарға арналған онкологиялық дәрі «Дабрафенибтің» науқастарға жетпей қалу себебін «СК-Фармация» бірыңғай дистрибьютер жауап берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Дабрафениб» препаратына келетін болсақ, ол бірыңғай дистрибьютор тізіміне тек 2019 жылдың сәуірінде енгізілді. Бұл, емдеудің жаңа түрі және мемлекет аталмыш емдеу түрін онкологиялық науқастарды дәрімен қамту аясын кеңейту шеңберінде өткен жылдың сәуірінде енгізді. Сәйкесінше, біз оны 2019 жылдың маусым айынан бастап сатып алдық және препарат республика бойынша жеткізіле бастады«, - деді бүгін Қазмедиада журналистерге арналған брифингте «СК-Фармация» төрағасының міндетін атқарушы Берік Шәріп.

Ол биыл дәріні сатып алу бойынша швейцариялық Novartis компаниясымен келісімшартқа отырғандарын айтты.

«Келісімшартқа отыру оңай болған жоқ. Дәрі-дәрмектер Швейцариядан тікелей жеткізіледі деп келіскенбіз. Айтарлықтай үлкен бөгеліс болған жоқ. Себебі бір жылдан екінші жылға өту кезінде іркіліс болуы мүмкіндігін есепке ала отырып, желтоқсан айында дәрілер қорын жасап қойдық. Онымен қаңтарда қамтамасыз еттік. Дегенмен, аздаған кешігу болып, аталған препарат қаңтар айының соңында жеткізілді», - деді ол.

Берік Шәріп атап өткендей, кез келген дәрі-дәрмек жеткізілген кезде, оның қауіпсіздігін Ұлттық дәрілік заттарды сараптау орталығы міндетті түрде тексереді.

«Біз жеткізілген препараттың сапасы мен қауіпсіздігін тексеруіміз қажет еді. Сертификат берілгеннен кейін аталған препаратты республика бойынша тараттық. 6 қаңтар күні бұл дәрі Қазақстан бойынша барлық науқастарға беріле бастады», - дейді ол.