10 қаз, 2017 сағат 14:46

«СК-Фармация» мен «КазСибФармацея» басшылары 1,8 млрд теңгені жымқырған

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет тегін медициналық көмектің кепілдендірілген мөлшері аясында дәрі-дәрмектерді сатып алуға бөлінген бюджеттік қаражаттың жымқырылуына қатысты тергеу амалдарын бастады. Күдікке «СК-Фармация» ЖШС басқарма төрағасы М.Е.Касаткин мен өзге де адамдар ілігіп отыр, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл ұлттық бюросының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Тергеу болжамына сәйкес, Касаткин «КазСибФармацея» ЖШС-ның пайдасы үшін тендердік процедуралар кезінде аталған компаниялардың бәсекелестерінің өтінімдерін заңсыз қайтарып отырған. Бұған қоса «КазСибФармацея» ЖШС-нfн сатылып алынған дәрі-дәрмектер Денсаулық сақтау министрлігі белгілеген бағадан 15 процентке қымбатқа өткізілген.

Осындай жолмен 2015-2017 жылдары «СК-Фармация» мен «КазСибФармацея» басшылығы 1,8 млрд теңгені жымқырған.

Қазіргі уақытта Касаткин мен «КазСибФармацея» ЖШС-ның басшысы А.О.Ахметов қамауға алынған. Сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.