11 қаз, 2019 сағат 20:11

"Сіздер Гиппократ антын бердіңіздер" – Сапарбаев Атырау перзентханасының дәрігерлерімен кездесті

Атырау облысының Өңірлік коммуникациялар қызметінің хабарлауынша, ҚР Премьер-министрінің орынбасары Атырау облыстық перинаталды орталығына барып, дәрігерлермен тілдесті.

Бүгінде бұл медициналық мекемеде 434 қызметкер қызмет атқарады, оның ішінде 62 дәрігер, 215 орта буын медицина қызметкері бар. Орталықта гинекология бөлімшесі, босанатын бөлме, кеңес беру-диагностикалық бөлімшесі, жаңа туған сәбилердің патологиясы, босануға дейінгі, күндізгі және босанудан кейінгі, қабылдау мен оңалту бөлімдері қызмет атқарады.

Бердібек Сапарбаев Атырау облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Мәншүк Аймұрзиевадан және қоғамдық денсаулықты қорғау департаменті басшысынан аймақтағы сәби өлімінің жоғары болуы себептеріне түсінік беруді өтінді.

«Бала мен ана өлімінің мәселесі - күн тәртібіндегі қатаң бақылаудағы өзекті мәселе. Жағдай мүлдем ушығып кетті деуге болмас. Тоқсан сайын орталықтың мамандары отандық және шетелдік медицина саласының білікті қызметкерлерінен дәріс алып келеді. Мысалы, ағымдағы жылдың шілде айында 13 дәрігер-неонатолог Нұр-Сұлтан қаласындағы медициналық орталықтардың бірінен біліктілікті арттыру курстарынан өтті. Сонымен қатар, кәсіби шыңдалу үшін перинаталды орталықтың дәрігерлері Литва қаласындағы оқуға барады. Биылдың өзінде орталықтың қондырғылармен жабдықталуы үшін 600 млн. теңге бөлінді», - деді Мәншүк Аймұрзиева.

Қалыптасқан жағдайды оңтайландыру үшін Бердібек Сапарбаев шұғыл шараларды қолға алуды тапсырды. Бұдан соң, вице-премьер перинаталды орталықтың қызметкеріне мәлімдеме жасады.

«Сіз Гиппократ антын бердіңіздер, сондықтан, бір минутқа да өз жұмыстарыңызды тастауға, адамдарды емдеуді тоқтатуға болмайды ғой! Өз қызметтеріңізді адал атқаруларыңызды өтінеміз! Перинаталды орталықтағы жағдайды жеке қатаң бақылауға алуды Атырау облысының басшылығына тапсырамын. Оның ішінде, медициналық мекемедегі анықталған кемшіліктерді жою керек. Қылмыстық істі тергеу заң талаптарына сай жүргізіледі, жұмыс барысына кедергі келтірмейді», - деді Бердібек Сапарбаев медицина саласының қызметкерлеріне.

Сонымен қатар, вице-премьер денсаулық сақтау басқармасы басшысының жауапкершілігі жөніндегі мәселені қарап, тиісті қадағалаудың болмағаны үшін қоғамдық денсаулықты қорғау департаментінің басшылығына қатысты шара қолдануды Денсаулық сақтау министрлігіне тапсырды.

Денсаулық сақтау басқармасының ақпараты бойынша, тәулігіне мұнда 25-35 сәби дүниеге келеді екен, дәрігерлер күніне 8-ден 12 ота жасайтын көрінеді.

Айта кетейік, қаңтар-қазан айлары аралығында Атырау облысында 12403 бала дүниеге келген, осылайша, соңғы екі жылдағы туу көрсеткіші 500 сәбиге дейін өскен.