Орал соты Сириядан құтқарылған 19 жастағы қазақстандықты сегіз жылға бас бостандығынан айырды. Жігітке террорлық ұйымдарға қатысты деген айып тағылған.
Жігіттің ата-анасы жасөспірім күнінде Сирияға алып кеткен, деп жазады «Уральская неделя». Қызыл Крест қызметкерлері тұтқыннан босатқан соң, 2019 жылдың қаңтарында Қазақстанға оралыпты.
Туған қаласына келе салысымен құқық қорғау органдары жігітті уақытша ұстау абақтысына қамап, қылмыстық іс қозғады. Тергеу мәліметінше, ол тыйым салынған ИГ* ұйымының операцияларына қатысқан.
«Сот ер адамды Қылмыстық кодекстің 257-бабы 2-бөліміне (Террорлық ұйымдарға қатысу) сәйкес айыпты деп таныды және сегіз жылға бас бостандығынан айыру жазасына кесті» деп судья Нәйла Жүнісова үкімді оқыды.
Қазір сотталған жігіттің отбасы да Қазақстанда. Әкесі терроризм және экстремизм үшін айыпталып, қылмыстық жауапкершілікке тартылып жатыр.