«Жусан» операциясы бойынша Сириядан елімізге қайтарылған азаматтардан лаңкестік тұрғысынан қандай да бір қауіп бар ма? Бұл сұраққа ҚР Сыртқы істер министрлігінде өткен баспасөз мәслихатында ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитетінің департамент басшысы Бақытбек Рахымбердиев жауап берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Әрине, осы операция бірнеше ай бойы жүргізілді. Өте көп қиыншылық болды. Әлбетте, жан-жақты мәселелер толыққанды тексерілді, талқыланды. Көп адамдар лаңкестік тұрғысынан «қайтарылған азаматтар жағынан қандай да бір қауіп бар ма?» деп сұрақ қояды. Тағы да айтайын, ол жағынан бәрі де тексерілді. Қазіргі таңда қайтарылған азаматтардың ішіндегі 6 ер кісі және 1 әйелдің үстінен қылмыстық істер қозғалды. Осылар және қайтарылған басқа азаматтар террористік әрекеттер тұрғысынан толығымен тексеріледі. Егер ондай жағдай дәлелденсе, әрине, қылмыстық жауапкершілікке тартылады», - деді Бақытбек Рахымбердиев.
Оның айтуына қарағанда, бірнеше жыл бойы қақтығыстар болып жатқан Ирак пен Ауғанстаннан да қазақстандықтар елге қайтарылған.
«Ол жақтардан да Қазақстанның бірнеше азаматы қайтарылған болатын. Олардың ішінде тек 40 пайызы ғана қылмыстық жауапкершілікке тартылған. Қалғандарына алдын алу, оңалту шаралары жүргізілген. Сол үшін көпшілік ол турасында көп біле бермеуі мүмкін. Бірақ, біздің ойымызша, қайтарылған азаматтардан әзірше ешқандай террористік қауіп жоқ. Бұл ретте, ең басты мәселе - кішкентай балаларды қайтару болды. Өйткені, қайтарылғандардың басым көпшілігі - 1-5 жас аралығындағы балалар», - деді ол.
Еске сала кетсек, кеше Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Сириядан Қазақстан азаматтарын эвакуациялау бойынша гуманитарлық операцияға байланысты мәлімдеме жасаған болатын. Мемлекет басшысы атап өткендей, 6 қаңтарда құқыққорғау органдары мен Сыртқы істер министрлігі жүргізген гуманитарлық шара нәтижесінде Сириядан Қазақстанның 47 азаматы, соның ішінде 30 бала елге қайтарылды.
Сонымен бірге, бүгінгі баспасөз мәслихатында ҚР Сыртқы істер вице-министрі Ержан Ашықбаев «Жусан» операциясынан кейін де қақтығыс аймақтарында жүрген қазақстандықтарды Отанына қайтару жұмыстары жалғасатынын мәлім еткен болатын.