Сириядан елге оралған Зарина Ақмалаева Қылмыстық кодекстің «Терроризмдi насихаттау немесе терроризм актiсiн жасауға жария түрде шақыру», «Әлеуметтiк, ұлттық, рулық, нәсiлдiк, тектік-топтық немесе дiни алауыздықты қоздыру» баптары бойынша айыпталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Ақтөбе қалалық №2 сотында «Жусан» операциясы аясында елге жеткізілген сотталушы Зарина Ақмалеваға қатысты қылмыстық іс қаралды. 30 жастағы келіншектің екі баласы бар. Бірі Ақтөбеде, екіншісі Сирия елінде дүниеге келген.
«2011 жылы ажырасқанмын. Екі балам бар. Бірі 11, екіншісі 2 жаста. Сирияға кеткенде үлкен қызымды өзіммен бірге алып кеттім. Қазір екі қызым да анамның тәрбиесінде. Олардың нағашы әжесінің тәрбиесінде болғанын қалаймын. Өзім мектеп бітірген соң тұрмысқа шықтым, сатушы болып жұмыс істедім, жоғары білім алмадым», - деді сотталушы З.Ақмалаева.
Сот отырысы кезінде аудио, видео түсірілім жасауға тыйым салынды. Прокурор Бауыржан Қали да өзін фотоға түсіруге қарсылық танытты.
«Зарина Ақмалаеваға Қылмыстық Кодекстің «Терроризмдi насихаттау немесе терроризм актiсiн жасауға жария түрде шақыру», «Әлеуметтiк, ұлттық, рулық, нәсiлдiк, тектік-топтық немесе дiни алауыздықты қоздыру» баптары бойынша айып тағылды. Ол 2014 жылдың 23 маусымда Астана қаласынан «Астана - Ыстанбұл» әуе рейсімен Түркияға ұшып кетті. Әрі қарай Сирияға барды. 2015 жылдың 15 қарашасы күні сағат 18:30-да терроризмді насихаттайтын, діни алауыздық тудыратын мәтінді «WhatsApp» мессенджері арқылы жіберді. Мәтіні «Хитрый план», «Новые методы» «Свежие раны» деп басталып, «На джиһад выходите» деп аяқталған. 2015 жылдың 27 қарашасында сағат 22:58-де өз телефонынан анасына хат жіберді. Онда да «Я советую вам идти на джиһад» деген сөз жазылған. 2016 жылдың 22-қаңтарында анасына терроризмді насихаттаған аудио жазба жолдаған. Хабарламалар Саада қаласынан жіберілген», - деді прокурор Бауыржан Қали.
Айыптау қорытындысына сүйенсек, мәтінге сараптама жасалып, терроризмді насихаттағаны дәлелденді. Айта кетейік, прокурор мен сотталушы Зарина Ақмалаева процесуалдық келісімге келді. Прокурор сотталушыны 5 жыл бас бостандығынан айырып, қылмыстық атқару жүйесінің қауіпсіздігі орташа мекемесінде жазасын өтеу үкімін тағайындауды сұрады.
«Зарина Ақмалаева айыпты деп танылып, 5 жылға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалсын. Жазасын қылмыстық атқару жүйесінің қауіпсіздігі орташа мекемесінде өтесін», - деді судья Алима Әділова.
Екі баланы нағашы анасына қалдыру ісі 29-шілде күні ювеналды сотта қаралады. Балалардың кімде қалатынын қорғаншылық органдары шешеді.
Еске салсақ, бұған дейін «Жусан» операциясы аясында елге жеткізілген Ақмарал Алмағамбетовамен жаңа процесуалдық келісім жасау үшін іс прокуратураға қайта жіберілген болатын.