Фото: t.me/pressmfakz
Сыртқы істер министрлігі шетелде сайлауға арналған бюллетеньдердің жетпеуіне қатысты пікір білдірді, - деп хабарлайды Tengrinews.kz.
Сыртқы істер министрлігінің баспасөз хатшысы Айбек Смадияров екі елде ғана бюллетень жетіспеушілігі байқалғанын айтты. Оның айтуынша, шетелдегі қазақстандықтар елшілікте дауыс беруді қалайтынын алдын ала ескертпеген.
"Бұл жолы талапкерлердің көбеюі таңғалдырды. Жастар, өскелең ұрпақ белсенділік танытты, тіпті кей жерлерде бюллетеньдер де жетпей қалды. Олар келетінін айтпаған. Қазақстандықтардың көбі барар кезде алдын ала ескертпейді. Олар сайлау болатынын біледі, бұл бір күнде жарияланған оқиға емес. Олар басқа елге баратынын біледі, билет пен визаны алдын ала алады. Сондықтан, келгендердің көпшілігі елшілікке барып, дауыс бергісі келетінін айтады, бірақ кей жерде бюллетень жоқ", - деді Смадияров.
Ол бағыт алдын ала ойластырылғандықтан, бюллетеньдерді шетелге жеткізу оңай емес екенін атап өтті.
"Ел ішінде бір учаскеде бюллетень жетпей қалса, Орталық сайлау комиссиясы жетіспейтін бюллетеньдерді әкеліп береді. Бюллетеньдерді жеткізу оңай емес, маршрут алдын ала ойластырылған. Оларға қаржыны алдын ала жоспарлап қоямыз", - деп түсіндірді Смадияров.