Фото: ҚР СІМ
Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Қазақстанға кіруге рұқсат етілмеген тұлғалар тізімі туралы айтты, - деп хабарлайды Tengrinews.kz сайты.
"Соғыс басталғалы бері (Ресей мен Украина. - еск.) СІМ Қазақстан туралы теріс пікір білдірген және Украинамен арада қандай да бір келеңсіздік тудырғысы келген адамдардың тізілімін жасап жатқан жоқ па?", - деп сұрады журналист СІМ брифингінде.
"Әрине, біз бұл тізімді жүргіземіз, бірақ оны ашық жарияламаймыз. Оған кірген адамдардың санын да айта алмаймын. Шекара жабылып, бері кіре алмайды", - деді СІМ өкілі Айбек Смадияров.
Журналистер бұған дейін "Ресей Қазақстанға шабуыл жасауға мәжбүр болады" деп мәлімдеген ресейлік эндокринолог туралы да сұрады. БАҚ өкілдері оның персона нон грата тізіміне қосылуы туралы сұрады.
"Миллиондаған аудиториясы бар эндокринолог дәрігерге үлкен сәлем. Ол қажетсіз нәрселерді айтқаннан гөрі адамдарды емдеп, өз кәсібімен айналыссын. Ресеймен өте жақсы қарым-қатынастамыз, тату көршіміз және достық стратегиялық мемлекеттер ретінде жұмыс істейміз", - деді Смадияров журналистердің сұрақтарына жауап бере отырып.
видео: ҚР СІМ