02 қаз, 2023 сағат 19:29

СІМ Қазақстан мен Қытай үкіметі арасындағы ақпарат алмасу келісіміне түсінік берді

Фото: ҚР СІМ

Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Айбек Смадияров Қазақстан мен Қытай Үкіметтері арасындағы ақпарат алмасу келісіміне түсінік берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат агенттігі.

«Қытайдағы қазақтардың мәселесімен айналысатын құқық қорғау ұйымдары Алматыда бірнеше рет жиын өткізіп, алаңдаушылық білдіріп жатыр. Қазақстан мен Қытай Үкіметтері рәсімдеген құжат арқылы (Қазақстан Үкіметі мен Қытай Үкіметі арасындағы тараптар мемлекеттерінің азаматтарына қатысты ақпарат алмасу туралы келісімді ратификациялау туралы заң) ертең Қазақстан азаматтығын сұраған ұлты қазақтардың паспортына вето жариялауы мүмкін деген қауіп бар. Осыған негіз бар ма?» деп сұрады БАҚ өкілдері аталған ведомствода өткен брифингте.

СІМ ресми өкілінің айтуынша, аталған келісімнің басты орындаушысы — Ішкі істер министрлігі. 

«Сондықтан мен толық түсініктеме білдіре алмаймын. Өйткені бұл құжаттың мән-жайық анық білмеймін. Өздеріңіз білесіздер, карантиннен кейін мыңдаған қандасымыз елге келді. Ол — қытай тарапымен тығыз жұмыс істегеніміздің нәтижесі. Сондықтан одан қорқудың қажеті жоқ. Тек қана заңсыз құжатпен жүрген, қос азаматтығы бар адамдарды анықтау үшін жасалып жатыр», — деді ресми өкіл.

Ол Қытайдың азаматтығынан шықпай сол елден зейнетақы алып жүрген, бірақ Қазақстанда тұратын азаматтарға шектеу қойылатынын айтады.

«Бәрі деп айта алмаймын. Бірақ арасында бар. Қытай азаматтығынан шықпай сол жақтан зейнетақысын алып жүреді. Бұл жаққа келіп құжаттарын рәсімдейді. Солай екі елдің арасында жүретіндер бар. Екі елден бірдей төлем алу заңсыз. Заңды бұзғаннан кейін міндетті түрде шара қолданылады», — деді Айбек Смадияров.

Айта кетейік, таяуда Мәжілістің жалпы отырысында Қазақстан Үкіметі мен Қытай Үкіметі арасындағы тараптар қос елдің азаматтарына қатысты ақпарат алмасу туралы келісімді ратификациялау туралы заң қабылданған еді.