02 мам, 2017 сағат 15:29

СІМ: Ауған дипломатының "бомба туралы әзілі" орынсыз болды

Астана әуежайында тексеруші қызметкерлерге қол сөмкесінде "бомба бары" туралы айтқан Ауғанстанның Қазақстандағы бұрынғы елшісі Мохаммад Фарук Баракидің сөзі "орынсыз болды", - деді Қазақстан сыртқы істер министрінің орынбасары Мұхтар Тілеуберді.

Мохаммад Фарук Бараки 1 мамыр күні Кабулге ұшатын кезде тексеру пунктінде кеден қызметкері одан сөмкесінде не бары туралы сұрағанында "бомба бар" деп әзілдеп жауап берген. Астанада үкімет сағатынан соң журналистер сұрағына жауап берген Мұхтар Тілеуберді арнайы қызмет өкілдері құжаттары мен заттарын тексергенге дейін Баракидің дипломат екенін білмеген, бірақ Баракидің ісі "орынсыз болғанын" айтты. Дегенмен ол дипломатқа мұндай сөзі үшін министрлік деңгейінде шара қолданылмайтынын, мәселенің сол жерде жабылғанын айтты.

Дипломат "әзілінен" соң дереу ұсталып, әуежайға кіретін есіктер дереу жабылып, оқиға орнына арнайы қызмет өкілдері барған. Тексерістен соң дипломаттың еліне ұшуға рұқсат берілген.

Астана әуежайының баспасөз хатшысы Камила Қасымбекова Азаттыққа дипломат "өрескел түрде ереже бұзғанын" және оны "әзілі үшін" жаупкершіліктен дипломатиялық қол сұғылмаушылық құқығы ғана құтқарып қалғанын айтты.

Азаттық