«Көшім» арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету орталығы өткен ғасырдың орта тұсынан жұмыс істеп келеді. Мекемеде ерекше күтімдегі балалар тәрбиеленіп, ем-дом шаралары жасалады. Осы жұмыстар үшін мемлекет тарапынан барлық жағдай жасалған. Жаңа жыл қарсаңында «Нұр Отан» партиясы Батыс Қазақстан облыстық филиалының өкілдері осы арнаулы мекемеге арнайы барып, балаларға демеушілердің қолдауымен дайындалған сыйлықтарды табыс етті.
Бұл арнаулы мекемеде 59, оның 29-ы жүрмейтін бала ем-дом қабылдап, тәрбиеленуде. Мекемедегі тәрбиеленушілерге 184 дәрігер мен оқытушы және әлеуметтік қызметкер жұмыс істейді. Арнаулы орталықта қосымша үйірмелер мен спорттық залдар қажетті жабдықтармен толық қамтылған. Алтыншы сынып оқушысы Данияр Меңдіғазиев ән айтуды ұнатады. Түрлі байқауларға да қатысып, жүлделі орындарға ие болған.
- Мен ән айтқанды жақсы көремін. Маған ән айтқан ұнайды. Ән айтып жүргеніме алты жыл болды. Астана қаласында, өзіміздің Орал қаласындағы сахналарда ән айттым. Мектеп бітіргеннен кейін оқуымды жалғастырып, әнші болғым келеді, - дейді өте зерек бала Данияр.
Орталықта балаларды емдеп-тәрбиелеуге барлық жағдай жасалған.
- Мекемеміз негізінен 80 балаға арналған, қазіргі таңда 59 бала тәрбиеленуде. Балалардың демалысын тиімді ұйымдастыру мақсатында балалармен мұғалім-дефектологтар, тәрбиелеушілер, логопед, психолог және дене шынықтыру мамандары жұмыс істейді. Балаларға әрбір мейрамда мерекелік шаралар ұйымдастырлады. Алты мезгіл құнарлы тамақ беріледі. Қажетті жағдайда балаларды облыстық ауруханаға апарамыз. Демеушілер орталыққа жиі келіп тұрады. Жаз мезгілінде балаларды демалыс саябақтарына, сондай-ақ Орал қаласындағы ойын-сауық орталықтарына демеушілердің қолдауымен жиі алып барамыз. Ата-аналар қамқорлығынан тыс қалған балалар болғандықтан оларға керегі бұл алақан жылулығы. Олардың ақыл-есі кем болғанмен, адамның көңіл-күйін, бетіндегі жылулықты бірден сезіп, біліп тұрады, - деді әлеуметтік қызмет жөніндегі маман Айнұр Сапарова.
Мекемеге «Нұр Отан» партиясы Батыс Қазақстан облыстық филиалының арнайы келіп, балаларды Жаңа жыл мерекесімен құттықтады. Орталықтың жәй-күйімен танысып, сыйлықтар табыс етті.
- Қазіргі таңда 20 партиялық жоба іске асырылуда, соның бірі «Кедергісіз келешек» жобасы. Осы жоба аясында біздер мүмкіндігі шектеулі жандарға, соның ішінде балаларға көмек көрсетіледі. Бүгін осы мереке қарсаңында арнайы мекемеге балаларға бір ерекше көңіл-күй сыйлау үшін келіп отырмыз, - деді «Нұр Отан» партиясы Батыс Қазақстан облыстық филиалы төрағасының орынбасары Гүлназ Құлжанова.
ХАСЕНОВ БЕРІК