Шаңхай ынтымақтастық ұйымы хатшылығында «Орталық Азия елдерінің инвестициялық әлеуеті – ШЫҰ шеңберінде бірлескен жобаларды іске асыру мүмкіндіктері мен келешегі» атты форум өтті, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" СІМ ресми сайтына сілтеме жасап.
Іс-шараны «Қытай – ШЫҰ» Өңірлік сауда-экономикалық ынтымақтастық аймағы Әкімшілік комитетінің (Циндао қ.) қолдауымен ШЫҰ хатшылығы мен Шетелде кәсіпорындарды дамыту жөніндегі қытайлық қауымдастық (CODA) ұйымдастырды.
Форумға ірі қытайлық компаниялардың топ-менеджерлері, мемлекеттік органдардың, қоғамдық ұйымдардың және БАҚ өкілдері, жалпы саны 100-ден аса адам қатысты. Оларға ШЫҰ мүше мемлекеттер: Қазақстан, Қырғызстан, Тәжікстан және Өзбекстанның сауда-экономикалық әлеуеті, сондай-ақ олардың инвестицияларды қолдау саласындағы саясаты таныстырылды.
Қытайлық кәсіпкерлерге «Kazakh Invest «ҰК» АҚ, «Самұрық-Қазына «ҰӘҚ» АҚ және «Астана» халықаралық қаржы орталығының ҚХР-дағы бас өкілдері Қазақстандағы іскерлік ахуал туралы, сондай-ақ елдегі инвестициялық мүмкіндіктер жөнінде айтылды.
Сонымен қатар, форум аясында панельдік сессияда Қазақстанның Қытайдағы Елшісі Ғабит Қойшыбаев қатысушыларды мемлекетіміздің экономикалық дамудағы жетістіктерімен, Қазақстан-Қытай сауда-экономикалық ынтымақтастығының келешегі ерекше мол бағыттарымен, сондай-ақ елдегі инвестициялық ахуалды одан әрі жақсарту бойынша Қазақстан Үкіметі атқарып жатқан жұмыстармен таныстырды.
Форумның соңында В2В үлгісінде бірқатар іскерлік кездесулер өтті, олардың барысында мүдделі тараптар нақты келіссөздер жүргізіп, ынтымақтастықтың алдағы қадамдарын талқылады.