21 мау, 2018 сағат 10:03

Шымкенттің жаңа бюджеті белгілі болды

Республикалық маңызы бар қалалардың қатарына қосылған Шымкентті ауқымды өзгерістер күтіп тұр. Келер жылдан бастап қаланың бюджеті 183 миллиард теңгеге дейін артады, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" Хабар 24 телеарнасына сілтеме жасап.

«Қаланың биылғы - жаңа мәртебенің берілуіне дейінгі бюджеті 137 миллиард. Соның 64 миллиарды қаланың дербес табысы да, 35-34 миллиард теңгесі облыстық бюджет есебінен толтырылып отыр, ал 18 миллиард теңгені субвенциялар құрап отыр. Қаланың дербес бюджетін 183 миллиард теңге дейін арттыруды жоспарлап отырмыз, одан тыс субвенциялар да болады әрі республикадан да сұраймыз. 2019 жылға қарай бастапқы бюджет 183 миллиард болады. Әкімдікте бес басқарма - табиғатты қорғау, мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау, ана мен бала, дін істері, денсаулық сақтау, архив және цифрландыру басқармалары құрылады. Шымкентті «ақылды» қалаға айналдыру үдерісі жалғаса береді», - дейді Шымкент әкімінің орынбасары Гүлжан Құрманбекова.

Қосымша қаражаттар жол құрылысы, жаңа мектептер, баспаналар, демалыс орындарын, жолайрықтар салуға, автобус паркін жаңартуға жұмсалады.

«Құрылыс қарқыны күшейтіледі. Республикалық трансферттерді тікелей алатын боламыз. Ең алдымен баспана мәселесін шешуіміз керек. 2017 жылы 238 мың шаршы метрдің баспанасын иелеріне тапсырдық, ал биыл осы көрсеткішті 457 мың шаршы метрге жеткізу жоспарда бар», - дейді Шымкент қаласы құрылыс бөлімінің басшысы Әбілсейіт Рабаев.

Шымкентте 55 мектеп бой көтереді. Миллионер қалада жылына 10 мыңға жуық сәби дүниеге келеді. Әкімдік республикалық маңызы бар қала мәртебесінің берілуі Шымкенттің экономикалық ахуалын жақсартатынына сенімді. Әлеуметтік және баспанамен қамту салалаларына бөлінетін қаражат артады, газ, су, электр тарту секілді инфрақұрылым құрылыстары бойынша жұмыстар күшейтіледі. Жыл соңына дейін қалада бірде-бір асфальт жабындысыз жол қалмауы тиіс.