07 жел, 2017 сағат 14:52

Шымкенттің бас жоспары қайта жасалып жатыр

Шымкенттің бас жоспары қайта жасалып жатыр. Себебі, алдағы жеті жылда   қала тұрғындарының саны  1 млн  400 мың адамға жетеді деген жоспар бар. 

Бұл қаладағы көлік қатынасын қиындатып, әлеуметтік мәселелерді одан сайын күрделендіріп жіберуі мүмкін, деп хабарлайды Ұлт.кз тілшісі ҚазАқпарат агенттігіне сілтеме жасап.

Сондықтан қала басшылығы жоспардың өзгертілетінін айтады. Жаңа жобаға сәйкес, шаһарда жаңа мөлтекаудандар бой көтеріп, тағы бір индустриалды аймақ салынуы бек мүмкін. Ал, облыс орталығының алдағы кескін-келбеті қоғамдық талқылауда қаралды. Жаңа жоспарды қалалық сәулет және қала құрылысы бөлімі мен үш бірдей жобалаушы компания бірлесіп жасауда. Әзірге негізгі жұмыстар аяқталған. Мамандардың сөзінше, жаңадан дайындалған бас жоспар қаланың қазіргі аумағын тұтастай қамтиды. Онда инженерлік жүйелерді жүргізу, қала қақпасындағы күре жолдарды кеңейту жағы қарастырылған.  Жаңа жоба мақұлданса, қалада тағы бір индустриалды аймақ ашылады. «Шымкент қаласының индустриалды аймағы» деп аталатын орталықтың аумағы мың гектар болуы мүмкін. Онда негізінен ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдейтін кәсіпорындар мен ірі  өндіріс ошақтары шоғырланады. 100 мыңнан астам адам жұмыспен қамтылады. Әзірге 54 жоспарлау жобасы әзірленсе, қала әкімінің қаулысымен күні бүгінге дейін соның 47-сі бекітілген.