17 қар, 2023 сағат 12:36

Шымкенттіктер "Chia Tai Tianging" қаржы пирамидасына 700 миллион теңге салған - ҚМА

Фото: THINKSTOCK

ҚМА Шымкент қаласы бойынша департаменті "Chia Tai Tianging" қаржы пирамидасының құрылымдық бөлімше басшысына қатысты тергеуді аяқтады, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" Қаржылық мониторинг агенттігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

"Шымкент қаласының тұрғыны 2022 жылдың қарашасы мен 2023 жылдың сәуірі аралығында аталған қаржы пирамидасының қаладағы филиалын басқарғаны анықталды.

Ол 700 млн теңгеге материалдық залал келтіре отырып, екі жүзден астам салымшы тартқан.

Қазіргі уақытта күдіктіге қатысты сотқа дейінгі тергеу аяқталды және іс сотқа жіберілді" - делінген хабарламада.

Ведомство өкілдері қаржы пирамидаларын құру қылмыстық жауапкершілікке әкеп соғатынын және мүлкі тәркіленіп, 10 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру түріндегі жазаны көздейтінін ескертті.

"Азаматтарды қырағы болуға және өз жинақтарын күмәнді қаржы ұйымдарына салмауға шақырамыз.

ҚР Конституциясының 77-бабының 3-тармағының 1-тармақшасына және ҚР Қылмыстық-процестік кодексінің 19-бабының 1-бөлігіне сәйкес, қылмыстық құқық бұзушылық жасаудағы кінәсі соттың заңды күшіне енген үкімімен белгіленгенге дейін әркім кінәсіз деп есептеледі" - делінген хабарламада.