Осыдан небары 18 күн бұрын ғана дүниеге келген сәби үшемнің бірі еді. Түркістан облыстық қоғамдық денсаулық басқармасының мәліметінше, жарылыс кезінде №1 перинаталдық орталықта екі жүзден аса адам болған, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Шымкент қаласындағы №1 облыстық перинаталдық орталықта жарылыс кезінде 189 пациент пен 65 қызметкер болған. Жарылыс салдарынан орталықтың күзетшісі және 1 нәресте көз жұмды. Шетінеген сәби 18 күн бұрын туған. Тағы 8 адам зардап шегіп, қаланың медициналық мекемелеріне жатқызылды. Атап айтқанда, облыстық клиникалық ауруханаға, қалалық №1 және №2 ауруханаға жатқызылды», - делінген басқарма хабарламасында.
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметінен мәлім болғанындай, Өмірзақ Шөкеев тиісті органдарға қайтыс болған күзетшінің отбасына материалдық көмек беру, яғни жерлеу рәсімінің шығынын толық көтеруді тапсырды.
Айта кетейік, бұған дейін Шымкенттегі перинаталдық орталықтың қасындағы дәрі сақтайтын екі қабатты ғимаратта жарылыс болғанын хабарладық. Перзентхана ғимараты мен тұрғын үйге зақым келіп, ондағы адамдар қауіпсіз жерге көшірілген еді.