Шымкент ТЖД перзентхана маңындағы жарылыстың мән-жайын айтып берді, - деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
Қалалық Төтенше жағдайлар департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, өрт туралы хабарлама сағат 11:36-да түскен. Өрт сөндірушілер жеткен кезде жарылыс салдарынан «Межбольничная 138 аптека» ЖШС-не тиесілі 2 қабатты жеке тұрған ғимараттан өрт шыққаны анықталған.
Ғимараттың жалпы ауданы – 360 шаршы метр. Қабырғалары - кірпіштен, шатыры гофр картонмен қапталған. Тілсіз жау 55 шаршы метрі аумақты шарпыды.
Жарылыс салдарынан 130 шаршы метр аумақта ғимарат ішінара опырылып, 5 қабатты тұрғын үйдің жанындағы пәтердің балконы мен терезелері, 7 автокөлік зақымданған. Жалынды ауыздықтауға ТЖД 37 қызметкері және 9 бірлік техника жұмылдырылған. Өрт сағат 12:06-да сөндірілді.
«Өрт сөндіру кезінде Төтенше жағдайлар департаментінің күштері өрт орнынан жанып кеткен ер адамның мәйітін тапты. Оның кім екені анықталып жатыр. Адын ала болжам бойынша күзетші болуы мүмкін. Қазір жарылыс себебі анықталып жатыр, төтенше жағдайдың салдарымен күрес жұмыстары жалғасуда», - делінген хабарламада.
Төтенше жағдай орнына қала әкімі Мұрат Әйтенов, сондай-ақ құқық қорғау органдары шұғыл шықты.
Айта кетейік, бұған дейін Шымкент қаласында дәрілік ерінділер жасайтын дәріханада жарылыс болғаны хабарланды. Алдын ала болжам бойынша жарылысқа газдың жиналуы себеп болған.