22 мам, 2022 сағат 14:59

Шымкенттегі жарылыс: қаза болған күзетші үш ай бұрын ғана үйленген


Түркістан облыстық денсаулық сақтау басқармасының жетекшісі Марат Пашимов жарылыста қаза болған күзетші туралы айтты, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.

"Біз туыстарына көңіл айтып шықтық. Үш ай бұрын ғана үйленген екен. Туыстарының айтуынша, келіншегінің аяғы ауыр. Біз оны бақылауға аламыз, қолда бар көмекті жасаймыз. Кредиті бар екен. Ол жағынан да көмектесеміз", - деді Пашимов бүгінгі брифингте.

Оның айтуынша, жерлеу мен ас беру шығындарын облыстық әкімдік төлеп береді. Себебі перинаталдық орталық облысқа қарайды.

"Сосын мемлекеттік мекемеде істейтін барлық қызметкердің өмірі сақтандыруға жатады. Ол кісі жұмыс орнында болған. Ресми түрде келісімшарты бар. Сондықтан сақтандыру компаниясы барлық төлемін төлейді", - деп атап өтті Пашимов.

Ал көз жұмған тағы бір жұмысшы жарылыс болған сәтте күрделі жөндеу жұмыстарын жасап жүрген. Оны "Авторемстрой ЛТД" ЖШС жіберген. Дәл осы компания перинаталдық орталықтағы жөндеу жұмыстарына жауапты.

"Ол кісі қатты жарақат алды. Содан бірден облыстық клиникалық ауруханаға жеткізілген. Бірақ бес сағаттан кейін көз жұмды. Өйткені жарақаты өте ауыр болған", - деді басқарма басшысы.

Еске салсақ, кеше, 21 мамырда Шымкентте аурухананы қажетті препараттармен қамтамасыз ететін дәріханада жарылыс болды. Дәріхана перинаталды орталықтың маңында орналасқан.

Жарылыстан кейін үйінді арасынан күзетшінің мәйіті табылды. Денесін өрт шалған.

Сондай-ақ перзентханада жатқан бір шақалақ пен 1980 жылғы жұмысшы көз жұмды. Тағы 8 адам зардап шекті, олардың барлығы қаланың медициналық мекемелеріне жатқызылды.