21 мам, 2022 сағат 17:02

Шымкенттегі жарылыс: бас құтқарушы оқиғаның мән-жайын айтып берді


Шымкент қалалық төтенше жағдайлар департаментінің басшысы Мадияр Жақсыбаев жеке меншік дәріханада болған жарылыстың мән-жайын айтып берді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан агенттігі.

Құтқарушылар "Межбольничная 138 аптека" ЖШС директорымен сөйлесіп, ғимаратта қандай заттардың сақталғанын сұраған. Кәсіпкердің айтуынша, ішінде газ балоны болмады.

Фурацилин сияқты дәрі-дәрмекті жасауға қажетті сутегінің асқын тотығы көп мөлшерде сақталды.

"Иесі, шамамен екі тонна сутегінің асқын тотығы болғанын айтты. Соның бәрі 12 литрлік ыдыстарда сақталды", - деді Жақсыбаев арнайы брифингте.

Қазіргі кезде жақын тұрған перинаталдық орталықтан 100-ден астам жүкті әйел мен бала басқа перзентханаға көшірілді. Медицина қызметкерлері де бар.

"Сондай-ақ, жақын тұрған бес қабатты үйден 15-20 адамдай қауіпсіз жерге шығарылды. Бесінші қабатта бір пәтердің терезесі мен балконы бұзылған. Абырой болғанда сол кезде иесі үйде болған жоқ", - деп атап көрсетті Жақсыбаев.

Айтуынша, дәріхана бүгін жұмыс істемеген. Ішінде жұмысшылар болмады. Осы уақытқа дейін бір ғана адамның мәйіті табылды.

Жақсыбаевтың сөзіне қарағанда, ол - 48 жастағы қала тұрғыны, алдын ала мәліметке сәйкес, күзетші болып жұмыс істеген.

Айта кетері, бүгін Шымкент қаласында аурухананы қажетті препараттармен қамтамасыз ететін дәріханада жарылыс болды.

"Межболничная 138 аптека" ЖШС-іне тиесілі ғимараттың жалпы ауданы – 360 шаршы метр. Тілсіз жау 55 шаршы метрді шарпыған. Жарылыстың салдарынан ғимараттың 130 шаршы метрі қирады.

"Жақын тұрған бес қабаттың үйдегі пәтердің терезелері мен балконы бұзылды. Сондай-ақ, 7 көлікке зақым келді", - делінген ресми хабарламада. Үйінді арасынан денесі күйген ер адамның мәйіті табылды.

Жарылыс салдарын жоюға ТЖ департаментінің 37 қызметкері мен 9 техника тартылды.