14 қар, 2022 сағат 13:42

Шымкенттегі үйлену тойынан екі автомат тәркіленді


Ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасының қызметкерлері Шымкенттегі үйлену тойынан екі автомат қаруын тәркіледі, - деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" Polisia.kz порталына сілтеме жасап.

Жедел қызметкерлер үйлену тойларының бірінде қалыңдықты шығарып салу рәсімінен кейінгі отшашу кезінде атыс қаруы қолданылатыны туралы ақпарат алған. Кейін жедел қызметкерлер тобы оқиға орнына көрермендер және жай жүрген адамдар ретінде жіберілген.

"Жедел ақпарат расталды. Сағат 00:00-де үйлердің бірінің жанында ауаға оқ ату кезінде полицейлер қаланың 2 тұрғынын автомат қаруымен ұстады. Олардан нөмірлері жойылған АК-74 автоматы және ВПО-925 автоматы тәркіленді. Оқиға болған жерді қарау кезінде криминалистер жиырмаға жуық атылған оқтың гильзасын тапты.

Қаруды заңсыз сақтағаны үшін соталды тергеу басталды. Тиіс сараптамалар тағайындалды, қажет тергеу әрекеттері жүргізіліп жатыр" - делінген хабарламада.