30 мау, 2025 сағат 14:57

Шымкенттегі сумен жабдықтау нысандары мемлекет меншігіне қайтарылады

Фото: ашық дереккөз

Шымкент қаласындағы сумен жабдықтау нысандарын 2004 жылдан бері «Су ресурстары – Маркетинг» ЖШС басқарған. Мемлекеттің үлесі 22%-ды құрайтын бұл компанияның қызметін ҚМА Шымкент қаласы бойынша департаменті қаржылық талдау нәтижесінде күмәнді қаржы операциялары мен шығын белгілерін анықтады, деп хабарлайды Ult.kz.

Сумен жабдықтау саласындағы заң бұзушылықтар, оның ішінде Су кодексінің талаптарын орындамау, жекешелендіру кезіндегі процедуралық ауытқулар және тиімсіз басқару фактілері тіркелді. Осыған байланысты материалдар нысандарды мемлекет меншігіне қайтару мақсатында әкімдікке жіберілді.

Шымкент қаласының мамандандырылған ауданаралық экономикалық соты нысандарды жекешелендіруді жарамсыз деп тауып, оларды мемлекет меншігіне қайтару туралы шешім шығарды. Әкімдік мәліметінше, бұл шешімнің нәтижесінде сумен жабдықтау тарифі 30%-ға төмендеуі мүмкін.