21 шіл, 2023 сағат 13:55

Шымкенттегі базарда ламинат қоймасы өртенді

Фото: Шымкент қаласы Төтенше жағдайлар департаменті

Шымкентте ламинат сақтайтын қоймада өрт шықты, - деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" Шымкент ТЖД қоғаммен байланыс тобына сілтеме жасап.

20 шілде сағат 19:47-де Шымкент қаласы Төтенше жағдайлар департаменті "101" диспетчерлік пультіне Әл-Фараби ауданы, Рашидов көшесіндегі "Дархан" базары аумағында өрт шыққаны туралы хабарлама келіп түскен.

"Жеке орналасқан көлемі 150 шаршы метр болатын бір қабатты ламинат сақтайтын қойма ішінде ламинат жанды. Өрт салдарынан 1 дана жүк көтергіш зақымданған.

Өрт сағат 20:16-да оқшауланып, сағат 21:16-да толығымен сөндірілді. Зардап шеккендер мен қайтыс болғандар жоқ.

Өрттің шығу себебі мен материалдық шығынның көлемі анықталып жатыр", - делінген хабарламада.

Өртті сөндіруге Шымкент қаласы ТЖД Өрт сөндіру қызметінің 58 қызметкері мен 14 техникасы, Апаттар медицина орталығы филиалының 1 бригадасы жұмылдырылған.