25 жел, 2019 сағат 13:06

Шымкенттегі аймақтық әлеуметтік-инновациялық университетін тексеру аяқталды - министрлік

Шымкент қаласындағы аймақтық әлеуметтік-инновациялық университетте жоспардан тыс тексеру аяқталды.

Бұл туралы ҚР Білім және ғылым министрлігі баспасөз қызметінен мәлім етті, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

«2019 жылдың тамыз айындағы жоспардан тыс тексеру қорытындысы бойынша университеттің білім беру қызметінде Қазақстан Республикасының білім беру саласындағы заңнамасының талаптарын бұзу, оның ішінде 20 өрескел заңбұзушылық анықталған. Бұзушылықтарды жоюды бақылау тұрғысынан жоспардан тыс тексеру ЖОО-ның 15 бұзушылығы жойылмағанын анықтады. Атап айтқанда, ондай әрекеттер талапкерлерді қабылдау кезінде белгілі болды. Сондай-ақ, білім беру қызметтерін көрсету бойынша келісімшарт түсу емтихандарына дейін жасалғандығы анықталды. Мәселен, талапкер мен университет арасында келісімшарт 9 маусым күні жасалса, университетке түсу үшін әңгімелесу 2019 жылғы 15 тамыз күні жүргізілген», - делінген министрлік мәліметінде.

Ведомствоның хабарлауынша, Шымкент қаласындағы аймақтық әлеуметтік-инновациялық университетінің түлектеріне еңбек нарығында сұраныс жоқ. 2018 жылғы 8152 түлектің 10 пайызы күндізгі, 77 пайызы кешкі және 13 пайызы сырттай оқыған. Бұл ретте бітірушілерді даярлау бағыттары бойынша жұмысқа орналастыру 0-ден 41 пайыз аралығында.

«Тексеру барысында сабақ кестесін сақтамау фактілері тіркелген. Тексеру кезінде сабаққа оқытушы мен студенттер қатыспаған да жағдайлар болған. Сонымен қатар, дәрістерді ғылыми дәрежесі жоқ аға оқытушылар оқитындығы белгілі болды. Тексеру қорытындысы бойынша материалдар сотқа жіберіліп, білім беру қызметін жүргізу құқығына лицензиядан айыру мәселесі қарастырылатын болады», - деп нақтылады баспасөз қызметі.