15 сәу, 2023 сағат 15:28

Шымкенттегі автобус апаты: аман қалған қыздың жағдайы белгілі болды

© Photo : Otyrar.kz

Шымкент қаласындағы автобус апатында ауыр жарақат алған қыздың жағдайы жақсарып келеді. Үйде оны мүгедектігі бар анасы мен бес бауыры күтіп отыр, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан агенттігі Otyrar.kz порталына сілтеме жасап.

Қазіргі кезде 18 жастағы қыз қалалық клиникалық ауруханада ем-дом алып жатыр. Алты күн бұрын жансақтау бөліміне бас-ми жарақатымен түскен. Біраз жері көгерген. Миы шайқалған. Дегенмен ота жасаудың қажеті болмаған.

1 аурухананың бөлім меңгерушісі Эльдар Смағұловтың айтуынша, бас кезінде пациенттің жағдайы ауыр болған.

"Оны жансақтау бөліміне жатқыздық. Сосын барлық маман қарап шықты. Қазіргі кезде жағдайы орташа, ота жасаудың қажеті жоқ", - дейді Смағұлов.

Еске салайық, 8 сәуір кешкі сағат 18:30 шамасында "Метро" сауда үйінің жанындағы екі көшенің қиылысында жүргізушінің басқаруынсыз қалған автобус қарсы бағытқа шығып кетіп, жаяу жүргінші жолағында тұрған 6 адамды қағып кеткен. 5 адам көз жұмды, 1 адам ауруханада жатыр.

Осы трагедиядан кейін қала барлық автопаркте жүргізушілердің кәсіби дайындығын тексеруге шешім қабылданды.