11 сәу, 2022 сағат 20:47

Шымкентте жоғалған әйелдің мәйіті ауыл маңындағы ағын судан табылды


Шымкентте жоғалған келіншектің денесі ауыл маңындағы ағын судан табылды. Құтқарушылар мен сүңгірулер іздестіру жұмыстарын 2 тәулік бойы жүргізді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Еңбекші ауданының Жыланбұзған ауылының тұрғыны, 1977 жылғы келіншек 10 сәуір күні сағат 22:08 шамасында үйден шығып кеткеннен соң, қайта оралмаған. «Суға түсіп кетті», - деп болжам жасаған туыстары бірден төтенше жағда департаментіне қоңырау соғып, көмек сұрапты.

«Оқиға орнына жеткен жедел-құтқару жасағы мен кинологиялық қызмет мамандары ауыл маңынан ағып өтетін суармалы каналда іздеу жұмыстарын жүргізді. Оның ені - 3 метр, тереңдігі 2-2,5 метрді құрайды. Нәтижесінде 11 сәуір күні сағат 12.15-те әйел адамның денесін судан тауып, шығарып алды», - делінген Шымкент қаласы ТЖД қоғаммен байланыс тобы таратқан хабарламада. 

Оқиға орнына Шымкент қаласы ТЖД жедел-құтқару жасағының 11 қызметкері, 2 бірлік техникасы мен 1 кинологиялық есеп қызметі жұмылдырылған. 

Сондай-ақ полиция департаментінің 10 қызметкері мен 3 бірлік техникасы, 30 –ға жуық ауыл тұрғындары көмек көрсеткен.