Желіде жігітті әскери комиссариатқа күшпен "алып кеткен" полицейлердің видеосына қатысты Қорғаныс министрлігі түсінік берді, - деп хабарлайды Tengrinews.kz.
"22 сәуірде полиция қызметкерлері Шымкентте жоспарлы рейдтік іс-шаралар жүргізді. Атап айтқанда, қорғаныс ведомстволарының шақыртулары бойынша келмей, шақыртудан жалтарған мерзімді әскери қызметшілерді іздестіру жұмыстары жүргізілді. Нәтижесінде 6 әскерге шақырылушы әскери комиссариатқа күшпен жеткізілді", - делінген хабарламада.
Министрлік рейдтердің қорытындысы бойынша ата-аналар мен әскерге шақырылғандар тарапынан қорғаныс бөліміне шағым түспегенін айтты.
"Сонымен қатар, көбінесе көрсетілген мекенжайда тұрмайтын, ата-аналары жасырып жүрген әскерге шақырылушыларға шақыру қағазын беру мәселесі өзекті күйінде қалып отыр. Шымкент қаласында 300-ден астам әскерге шақырылған сарбаз шақырту алған. Бірақ олар медициналық комиссиядан өту үшін шақыру учаскелеріне келмейді", - делінген Қорғаныс министрлігінің хабарламасында.