11 қыр, 2023 сағат 12:05

"Тұтынуға жарамсыз": Шымкентте танымал энергетикалық сусын қолдан жасалған

Фото: Sputnik Қазақстан

ҚМА Шымкент қаласы бойынша департаменті бизнес құқықтарын қорғау және көлеңкелі экономикамен күрес бойынша жүргізіліп жатқан жұмыс аясында танымал энергетикалық сусын шығаратын жасырын цехтың қызметін тоқтатты, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" Қаржылық мониторинг агенттігіне сілтеме жасап.

"Қалалық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің мамандарымен және сауда маркасы құқық иеленушісінің өкілдерімен жүргізілген жедел-іздестіру іс-шаралары барысында: 21 мыңнан астам құты контрафактілік сусынның дайын өнімі, тауар белгісі бар 54 мың данадан астам бос банкаға энергетикалық сусынды құюға арналған жабдық, сия бүріккіш жапсырма, орау құрылғылары, қақпақтар, құрғақ қоспалар (лимон қышқылы, кофеин, сода, бояғыштар, қант, қышқылдықты реттегіштер) тәркіленді.

Келтірілген шығын көлемі 37 млн теңгеден асады" - делінген хабарламада.

Ұлттық сараптама орталығының микробиологиялық зерттеу хаттамасына сәйкес, тәркіленген сусынның құрамында рұқсат етілген мөлшерден екі есе жоғары зең мен ашытқы бар. 

"Бұл өнім тұтынуға жарамсыз, өйткені ол адам денсаулығына, әсіресе жас ағзаға зиян келтіреді.

Аталған факті бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды. Тергеу мүддесіндегі басқа ақпарат жария етілмейді" - делінген хабарламада.

ҚР Конституциясының 77-бабының 3-тармағының 1-тармақшасына және ҚР Қылмыстық-процестік кодексінің 19-бабының 1-бөлігіне сәйкес, қылмыстық құқық бұзушылық жасаудағы кінәсі соттың заңды күшіне енген үкімімен белгіленгенге дейін әркім кінәсіз деп есептеледі.