05 ақп, 2025 сағат 16:27

Шымкентте жарты ай бұрын жоғалып кеткен жігіт өлі табылды: полиция мән-жайды айтты

Фото: Ontustik.tv

Шымкент полиция департаменті жарты ай бұрын жоғалған 20 жастағы жігіттің өліміне қатысты түсінік берді, деп хабарлайды Massaget.kz.

Полицейлер жоғалған адамның өліміне қатысты қылмыстық іс қозғады.

"Көзбен шолып шыққанда зорлық-зомбылықпен өлім белгілері анықталған жоқ. Оқиғаның барлық мән-жайын анықтауға бағытталған жедел-іздестіру шаралар кешені жүргізіліп жатыр", - делінген хабарламада.


Еске салайық, бұған дейін 20 жастағы Бәйдібек Ақмырзаұлы қаңтарда жоғалып кеткені хабарланды. Ол кейінгі рет Шымкенттегі әуежайда досын шығарып салып, қоғамдық көлікке отырған.

Жас жігіт 2025 жылғы 14 қаңтарда Түркістан облысы Ордабасы ауданынан Шымкентке жүргізуші куәлігін алуға барған. Кейін сағат 14:37 шамасында досын әуежайда шығарып салған.

"15:22-де "Қатын көпір" аялдамасы маңында бір ұялы телефоны өшкен, ал 16:00 шамасында екінші телефоны өшіп қалған. Соңғы рет әкесімен желі арқылы ауылға қайтатынын айтып байланысқан. Одан кейін ұшты-күйлі жоқ, - дейді жақындары.


Жоғалған азаматтың туыстары екі күннен кейін, 16 қаңтарда Тұран аудандық полиция бөліміне арызданған.