27 мау, 2018 сағат 10:38

Шымкентте жалақы көлемі өседі

ҚР Қаржы министрі Бақыт Сұлтанов Шымкент қаласының бюджеті республикалық қала маңызындағы деңгейге жеткізілетінін мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Алдын ала есептеулер жасалды, қазіргі кезде бұл бағыттағы есеп-қисапты пысықтап жатырмыз. Әрбір министрлікте осы орайда тиісті жұмыстар атқарылуда, үлкен өзгерістер ескерілуде. Бұл ретте қазынашылықты да бөлу керек, сондай-ақ  мемлекеттік кірістер органдары мен мемлекеттік мүлік пен аудит тұрғысында қажетті шаралар іске асырылады», - деді Б. Сұлтанов Парламент Мәжілісінде тілшілер сауалына жауап бере отырып.

Сонымен қатар, ведомство басшысы Шымкент қаласының бюджеті күзде қаралатынын атап өтті.

«Менің ойымша, күзде бюджетті нақтылайтын боламыз. Осы орайда, облыс пен республикалық маңыздағы қала арасында бөлінетін қаржыны қарастырамыз. Шымкенттің бюджеті республикалық маңыздағы қаланың деңгейінде болады. Ондағы еңбекақы (мемлекеттік қызметшілерде) орталық органдар деңгейдегі көлемде көтеріледі», - деп атап өтті министр.

Бұдан бұрын хабарланғандай, ҚР Президентi Нұрсұлтан Назарбаев «Қазақстан Республикасының әкімшілік-аумақтық құрылысының кейбір мәселелері туралы» Жарлыққа қол қойды. 

Осы орайда, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Түркістан облысының құрылуына байланысты пікір білдірді.