Шымкентте заңсыз қару жасап, оны сатып отырған қылмыстық топ мүшелері сотталды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" Ұлттық қауіпсіздік комитетіне сілтеме жасап.
6 ақпанда Шымкент қаласы әл-Фараби аудандық соты атыс қаруын заңсыз жасаумен және оны өткізумен айналысқан қылмыстық топ мүшелеріне үкім шығарды.
«Атап айтқанда К. Дрейлинг ҚР ҚК 287-бабы 4-бөлігі («Қаруды, оқ-дәрі, жарылғыш заттарды және жарылыс құрылғыларын заңсыз иемдену, беру, өткізу, сақтау, тасымалдау немесе алып жүру) және 288-бабы 2-бөлігі («Қаруды заңсыз жасау») бойынша кінәлі деп танылып, 5 жылға сотталды» делінген хабарламада.
Ю. Разин осыған ұқсас қылмыс жасағаны үшін 4 жылға бас бостандығынан айырылды. Р. Ибрагимов пен В. Завзин 3 және 4 жылға шартты түрде сотталды.
Еске сала кетейік, 2019 жылғы шілдеде ҰҚК органдарының арнайы операциясы нәтижесінде аталған қылмыстық топ әрекетінің жолы кесілді. Олар Ресейден Қазақстанға қару әкеліп, оны жасырын жағдайда жауынгерлік етіп қайта жасаған.
Заңсыз айналымнан 8 «Калашников» автоматы, 2 «Макаров» пистолеті және оларға оқ-дәрі алынды. Қаруды түрлендірумен айналысқан цех жойылды.