Шымкентте полиция қызметкерлері 5 қабатты үйдің төбесінен секірмек болған жас әйелді құтқарды, - деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" Polisia.kz-ке сілтеме жасап.
"102 нөміріне "Адия" ТК-нің тұрғындарынан қоңырау түсті. Олар белгісіз адамның көпқабатты үйдің төбесіне көтеріліп, өз-өзіне қол жұмсамақ болғанын хабарлады.
Кезекші жедел түрде патруль полиция полкінің барлық экипажына хабарлама жіберді. Шақыруға бірінші болып 1-рота қызметкерлері Қанат Бишинов пен Бейбіт Нұрпейісов келді.
Патруль полицейлері бірнеше минут ішінде өз өмірлерін қатерге тігіп, көпқабатты үйдің төбесіне көтерілді және әйелді әңгімеге тартып, назарын аудару арқылы ойынан қайтарып, құтқарып қалды" - делінген ПД хабарламасында.
Қала тұрғыны аудандық полиция басқармасына жеткізілген. Әйелдің үш баласы бар екені белгілі болды.
Әңгімеден кейін полиция қызметкерлері оны күйеуіне тапсырды. Өз кезегінде, жұбайы тәртіп сақшыларына қызметі үшін алғыс айтты. Қазір әйел отбасымен бірге.