21 мам, 2022 сағат 21:13

Шымкентте үш бала көлік жүксалғышында тұншығып қалды

© Sputnik / Владислав Воднев

Қаратау ауданында бір үйдің үш баласы көліктің жүк салатын бөлігіне кіріп, шыға алмай қалған. Екеуі оқиға орнында көз жұмды. Үшіншісі ауруханаға жеткізілгенімен, оны аман алып қалу мүмкін болмады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«19 мамырда Қаратау аудандық полиция басқармасының 102 пультіне үш кішкентай баланың автокөліктің жүк салғышында тұншыққаны туралы хабарлама келіп түсті. Полиция қызметкерлері оқиға орнына бірден шықты. Анықталғандай, ата-анасы үйде болмаған. Балалар жүк салғышқа кіріп, қақпағын жауып алады. Содан кейін қайта шыға алмай тұншығып қалыпты. Екеуі оқиға орнында қайтыс болды, ал үшінші бала бүгін реанимацияда көз жұмды», - деп хабарлады Шымкент қаласы полиция департаментінің баспасөз қызметі.

Көршілерінің айтуынша, көлік ескіріп, аулада тұрған. Ағайынды үшеудің екеуі - ұл, біреуі - қыз. Екі бала мектеп жасында болған.

ПД баспасөз қызметі аталған жайт бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары басталғанын мәлім етті. Оқиғаның барлық мән-жайы анықталады.