02 нау, 2020 сағат 14:40

Шымкентте төрт ай бұрын сотталған 28 полицейдің төртеуі бостандыққа шықты

Шымкентте төрт ай бұрын сотталған 28 полицейдің төртеуі бүгін бостандыққа шықты.

Бүгін қалалық соттың қылмыстық істер жөніндегі аппеляциялық соты осындай үкім шығарды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

Сотталғандарға қылмыстық топ құрып, ұрланған көліктер мен қосалқы бөлшектерге жалған құжаттар жасаған және пара алған деген айыптар тағылған болатын. Түрмеден босатылғандардың төртеуі әкімшілік полицияға қарасты аудандардағы тіркеу-емтихан бөлімінің инспекторлары қызметін атқарған. Ал біреуі, Жетісай аудандық автомектептің оқытушысы болған. Соттың үкіміне сәйкес, бостандыққа шыққандардың жазалары Президенттің тиісті заңға өзгеріс енгізуінен кейін жеңілдетілген.

«Жаңа заңға сәйкес қылмыстың жеңіл түрін жасағандарға уақытша тергеу абақтысында өткізген бір күні екі күнге саналады. Сонымен қатар бас бостандығы шектелгендердің де жазасы жеңілдетілген. Бұл заң сотталған бес азаматқа қолдануға жатады, есепке алынады да, бұлар енді босатылады»,- деді Шымкент қалалық сотының қылмыстық істер жөніндегі аппеляциялық алқасының төрағасы Ербол Жанғазин.

Айта кетейік, өткен жылдың қараша айында жалған жүргізуші куәлігін оңды-солды таратып, көліктерді қылмыстық жолмен рәсімдеген 28 полицей мен 10 делдал түрлі мерзімдерге сотталған болатын. Сот айыпталушылардың кейбірін нақты ұйымдасқан қылмысқа қатысы жоқ деп танып, Қылмыстық кодекстің 268 бабы бойынша ақтаған. Үкімнің осы тұсына келіспеген прокурорлар наразылық келтіріп, аппеляцилық алқаға шағым түсірген. Алайда сот бұл бап бойынша полицейлердің кінәсін дәлелдейтін дәйектер жоқ деп тауып, үкімді күшінде қалдырды. Ал, дау болған 341 автокөліктің қосалқы бөлшек ретінде келіп, оларға жалған құжат жасау қылмысын бұл істен бөлек шығарған.

Еске салайық, сотталушыларға қызметін асыра пайдаланған және жалған жүргізуші куәлігін жасаған деген айып тағылған. Тіркеу-емтихан бөлімінде отырғандар, шетелден бөлшектеніп әкелінген көліктерге құжат жасап, түрлі сомаға рәсімдеп беріп отырғаны дәлелденген. Сот барысында 341 автокөлікке жалған құжат жасалғаны анықталып, полицейлер қылмыстық топты ұйымдастырды деген айыппен сотталған.

Оңтүстік Қазақстан облыстық ішкі істер департаменті емтихан-тіркеу бөлімінің бұрынғы бастығы Артық Жаппаров 11 жылға бас бостандығынан айырылса, Сайрам, Бәйдібек, Мақтаарал аудандарының және Түркістан қаласының тіркеу-емтихан бөлімдерінің бұрынғы бастықтарының әрқайсысына 10 жылға жаза кесілген еді. Сондай-ақ, бірқатар мемлекеттік жол инспекторы мен криминалистер, делдалдар әртүрлі мерзімге бостандығы шектеліп, мемлекеттік қызметте жұмыс істеу құқынан өмір бойына айырылған болатын және олардың арнайы атақтары қайтарылып алынды.