17 жел, 2019 сағат 11:04

Шымкентте тегін азық-түлік таратылды

Шымкентте Тәуелсіздік күні мерекесіне орай және «Шымкент - қайырымды қала» акциясы аясында қайырымдылық шара ұйымдастырылды. Қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасы мен «Мейірім» қайырымдылық порталы, «Ізгілікте жарысайық» қайырымдылық қоғамдық қоры 100 отбасына азық-түлік пен киім-кешектер, тұрмыстық химиялық заттар таратты, - деп хабарлайды «Ұлт ақпарат».

Басқарма басшы Ғалымжан Балтаев мұқтаж тұрғындарды Ұлық мерекемен құттықтап, оларды қиын жағдайға түскен отбасыларын қолдауға бағытталған мемлекеттік бағдарламалармен таныстырды. Сала өкілдері бүгінде тұрмыс тауқыметін тартқан қала тұрғындарын тек бірреттік көмекпен қамтумен шектелмей, мемлекеттік бағдарламаларды тиімді пайдаланып, жұмысқа тартуда. Сондай-ақ қысқа мерзімді оқыту курстарына бағыттап, кәсіп ашуына жол ашып отыр. Үшінші мегаполисте «Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған «Еңбек« бағдарламасы» аясында кәсіптік-техникалық мамандарды даярлау бағытындағы шаралар да жүйелі атқарылып келеді.

Ғалымжан Балтаевтың айтуынша, шаһарда жыл басынан бері 4 мыңнан аса азамат нарықтық сұранысқа ие мамандықтарды игеруге жолданған. Ағымдағы жылдың 1 желтоқсанына дейін 15 мыңға жуық азамат тұрақты жұмысқа орналастырылды.

Айта кетейік, шараға психолог-мамандар да атсалысты.Білікті мамандар әлеуметтік тұрғыдан аз қамтылған тұрғындарға психологиялық тренинг өткізіп, олардың қиын-қыстау кезеңнен шығуына кеңестерін берді.