Фото: Tengrinews.kz
Шымкентте тапа-тал түсте қару-жарақ дүкеніне шабуыл жасаған өзбекстандық азамат сотталды. Үкім қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында оқылды, деп хабарлайды Otyrar.kz.
Портал мәліметінше, 49 жастағы ер адамға Қылмыстық кодекстің қарақшылық, адам өлтіруге оқталу және қаруды заңсыз сақтау баптары бойынша айып тағылды. Сотталушы сот отырысында өз кінәсін мойындады. Қару-жарақ дүкеніне қару алу үшін шабуылдағанын, кейін банк тонамақ болғанын айтты.
Сот оған 15 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасын тағайындаған. Сотталушы жазасын қылмыстық-атқару жүйесінің қауіпсіздігі орташа түзеу мекемесінде өтейтін болады. Үкім заңды күшіне енген жоқ.
Еске салсақ, биыл 20 ақпанда Ілияев пен Рысқұлбеков көшелерінің қиылысында орналасқан қару-жарақ дүкеніне шабуыл жасалды. Бұл сәтте дүкен сатушысы «дабыл» түймесін басып үлгерген. Оқиға орнына күзет агенттігінің қызметкерлері жетіп, дүкенге шабуылдаған қарулы адам арасында атыс болды. Полицейлер көшенің қақ ортасында қарумен жүрген шетелдікті сол күні ұстады. Оны ұстау сәтінің видеосы әлеуметтік желілерде тарады.